Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жаңа президент сайланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Құрылтайға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, тіл комитетінің төрағасы, қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және қоғам мүшелері, Бактыбай Жайлау мен Аллаберген Қонарбаев онлайн қатысты.
Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының 2021-2023 жылдар бойынша есеп берді.
Берік Әбдіғалиұлы ұйымның қызмет атқаруына тартылған қаржының ашықтығы, қоғамдық ұйымдармен серіктестік орнату, қоғамның ел өңіріндегі өкілдіктер санының 80-нен 135-ке дейін жеткізіліп, тіл қолданысын арттыруға бағытталған маңызы зор жобалардың жүзеге асырылғанын баяндап берді.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту сынды жоспарларымен бөлісті. Балаларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және білігін жетілдіруге нитетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалады.
Сондай-ақ, құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды.
Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына ҚР цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеев кірді.